«БҚДА жанындағы такси қызметтері нарығын бақылау жөніндегі мониторингтік топтың аппараттық-бағдарламалық кешен немесе (және) такси шақыруға арналған мобильді қосымша арқылы қызмет көрсету мәселелері бойынша кезекті отырысы өтті. Жиын барысында БҚДА, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ сарапшылардың қатысуымен жүргізілген «Яндекс Такси» компаниясының алгоритмдік баға белгілеу тиімділігіне жүргізілген аудиттің нәтижелері қаралды. Еске сала кетейік, аталған аудит «Яндекс Такси» компаниясына монополияға қарсы комплаенс шеңберінде міндеттелген болатын. Аудиттің мақсаты – «Яндекс» сервисіндегі баға белгілеуге әсер ететін шарттар мен параметрлерді зерделеу болды. Бастапқы аудит нәтижесінде баға белгілеуге ықпал етуі мүмкін қауіптер анықталды», – делінген хабарламада.
Агенттік атап өткен негізгі тәуекелдер:
Қаланың шекараларының әкімшілік-аумақтық шекараларға сәйкес келмеуі;
Бағаны бағадан тыс факторлар арқылы арттыру;
Қосымшада бағаны есептеуге қажетті толық ақпараттың болмауы;
Әуежайдағы жолаушылардың орналасуына қарай кемсітушілік және басқа да мәселелер.
«Жекелеген тәуекелдер жойылды, ал қалғандары бойынша «Яндекс» оларды жою жөнінде міндеттемелер қабылдады. Атап айтқанда, агенттіктің хабарламасына сәйкес, Яндекс+ (Яндекс Плюс) пайдаланушыларына арналған адалдық бағдарламасының шарттары қайта қаралды. Жаңартулар нәтижесінде бұл бағдарлама бойынша клиенттерге ұсынылатын жеңілдіктердің барлық шығындарын «Яндекс» өз мойнына алды. Сонымен қатар, «Яндекс» комплаенс жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, компанияны сұраныстың артуы кезеңінде такси қызметтерінің бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуге, антимонополиялық заңнаманы бұзбауға, сондай-ақ жүргізушілердің табысының төмендеуінің алдын алуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыруға міндеттейді», – деп атап өтті БҚДА.
Сондай-ақ, отырыс барысында агенттікке келіп түскен өтініштер негізінде «Яндекс Такси» жүргізушілерінің өзекті мәселелері қаралды.
«Сонымен қатар, жиында «Яндекс Такси» өкілдерінің 2025 жылдың I тоқсаны бойынша монополияға қарсы комплаенс талаптарының орындалуы туралы есебі тыңдалды. Мониторингтік топ отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен «Яндекс Такси» компаниясына қатысты ұсыныстар әзірленді», – деп толықтырды агенттік.
Источник фото: Фото из открытых источников