Қызылордалық ауруханалардың бірінде Т129 млн бюджет қаражаты ұрланған

Қызылорда. 11 шілде. ҚазТАГ – Қызылордадағы ауруханалардың бірінде Т129 млн көлеміндегі мемлекеттік қаражат ұрланған, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі.

«ҚМА көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасы» ШЖҚ МКК лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталды. Аурухананың бас есепшісі медициналық кереуеттердің сатып алу құнын негізсіз көтеру арқылы ақша ұрлаған. Жоғары бағаны негіздеу үшін күдіктінің жұбайы дайындаған жалған баға ұсыныстары пайдаланылған. (…) Осылайша, негізсіз көтерілген шығын сомасы Т129 млн теңгені құрады», – делінген жұма күні таратылған хабарламада.

Агенттіктің хабарлауынша, тендер қорытындысы бойынша аурухана мен бір серіктестік арасында жалпы құны Т259 млн теңгеге 220 медициналық кереует сатып алу жөнінде келісімшарт жасалған, яғни бір кереуеттің бағасы Т1,2 млн болған.

«Алайда нақты нарықтық құны бір кереует үшін Т460 мың теңгеден аспаған, яғни шамамен үш есе арзан болғаны анықталды», – деді ҚМА.

Тергеу барысында күдіктілердің жалпы құны Т111 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды.

«Мемлекетке келтірілген Т129 млн теңге көлеміндегі залал толықтай өтелді. Бас есепші екі ай мерзімге қамауға алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», – деп нақтылады агенттік.

Источник фото: 2gis.kz