ҚМА Перизат Қайрат туралы: зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһаз бен саяхаттарға жұмсалған

Астана. 4 сәуір. ҚазТАГ- 2021-2024 жылдар аралығында Перизат Қайрат қайырымдылық мақсатында халықтан ақша жинаған. Оның айтуынша, бұл қаражат мұқтаж балаларға, Палестинаға және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталуы тиіс болған, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

«Перизат Қайрат 2021 жылдан 2024 жылға дейін бірнеше рет жұртшылықты мұқтаж балаларға, Палестинадағы жапа шеккендерге және су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету сылтауымен ақша жинауға шақырған. Жалпы ұрланған қаражат көлемі — 3,5 млрд теңге. "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық ұйымына түскен қаражат Қайрат Перизаттың және оның анасы Алашбаева Гүлнардың жеке шоттарына аударылып отырған. Кейін бұл қаражат зергерлік бұйымдарға, киімге, жиһазға, саяхаттарға, жөндеу жұмыстарына, көлік жалдауына және басқа да жеке шығындарға жұмсалған», — делінген хабарламада.

Айыптау нұсқасына сәйкес, 2024 жылы Қайрат, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге жиналған 2,8 миллиард теңге де мақсатсыз пайдаланылғаны анықталды.

«Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында ол 16 жалған жеке кәсіпкермен шарт жасасып, зардап шеккендерге арналған темір киіз үйлер, қайықтар, етік және басқа да тауарларды жеткізу бойынша жұмыстарды орындамаған. Нәтижесінде 1 миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке мақсаттарға жұмсалған»,- делінген хабарламада.

ҚМА мәліметінше, бұл соманың ішінде 72 млн теңге Перизат Қайрат анасы Алашбаева Г-ның атындағы жеке кәсіпкерлікке аударған. Бұл ақша Солтүстік Қазақстан облысындағы зардап шеккендерге тұрмыстық техника алу үшін бөлінген деген желеумен қолма-қол алынып, оның бір бөлігі 6,9 млн теңгеге Rolex сағатын сатып алуға жұмсалған.

«2024 жылдың қаңтар айында Қайрат П. Палестина тұрғындарына көмек ретінде жиналған қаражаттың бір бөлігін 23 млн теңгеге "Rebel Flowers" ЖШС-сін сатып алуға жұмсаған. Алайда, құжатта ұрлық күдігін болдырмау үшін бұл соманы 2 млн теңге деп көрсеткен. Бұл гүл бизнесінен ол 69 млн теңге табыс тапқан»,- деп қосты агентстводан.

Сонымен қатар, Қайрат ұрланған ақшаны 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ орны, бір үй, жер учаскесі және құрылыс нысаның сатып алуға пайдаланғаны анықталды . Оның иелігінен зергерлік бұйымдар, аяқ киім мен сөмкелер тәркіленді, жалпы құны — 158 млн теңге.
Алашбаева Г. қатысты үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Фото көзі: Фото из открытых источников


adimage