«Самұрық-Қазынаның» табысы айтарлықтай өсті – Нұрлан Жақыпов
«Самұрық-Қазына» Ұлттық қорының басшысы Нұрлан Жақыпов қор соңғы жылдары тұрақты қаржылық өсімді көрсетіп келетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, 2021–2024 жылдар аралығында қордың негізгі қаржылық көрсеткіштері мынадай деңгейде өскен: табыс – орта есеппен жыл сайын 12%-ға артты; EBITDA – 7%-ға өсті; таза пайда – 13%-ға ұлғайды.
«Әлем бойынша экономикалық тұрақсыздық жағдайында мұнай бағасының арзандауына қарамастан, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қор тобының таза пайдасы Т2,4 трлн болды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 39%-ға жоғары», - деді Жақыпов қор қызметінің аралық қорытындыларына арналған брифингте.
Перизат Қайраттың ісі прокуратураға жолданады
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайрат басқарған BizBirgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры төңірегіндегі қылмыстық іске қатысты пікір білдіріп, келтірілген шығынның алдын ала мөлшерін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Елемесовтің айтуынша, жәбірленушілердің саны өте көп болғандықтан, олардың нақты саны белгісіз.
«Іс аяқталды, танысу процесі де бітті. Қазір іс бойынша өтініштер алынып, оларға жауап беру рәсімі жүріп жатыр. Жақын күндері істі прокуратураға жолдаймыз», – дейді ол.
Ол сондай-ақ бұл істе екі адам күдікті ретінде тіркелгенін атап өтті.
«Зардап шеккендердің саны өте көп. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі – Т3,5 млрд», – деп мәлімдеді агенттік өкілі.
Еске салсақ, волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған Т1,5 млрд-ты жымқырған» деген күдікпен ұсталған болатын.
Ақтөбеде жұлынған қызғалдақпен суретке түскен әкімді сот жазаламайтын болды
Ақтөбе облысында Құдайберген Жұбанов атындағы округтің әкімі Ляззат Бердібаеваның қызғалдақтарды жұлу фактісі бойынша ісі тоқтатылды, деп хабарлайды Тurkystan.kz.
Ақпаратқа сәйкес, 21 сәуір күні түсте азаматша Б. отбасымен бірге Қандыағаш – Жұрын автожолының бойында табиғат аясында демалған. Сол кезде оның кәмелетке толмаған балалары 10-15 түп қызғалдақ жұлып, аналарына сыйлаған. Азаматша балалардың әрекеттерін қадағаламай, оларға бұл өсімдіктерді жұлуға тыйым салынғанын ескертпеген.
«Сот қаулысымен іс жүргізу азаматша Б.-ның әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатылды. Себебі құқық бұзушылық орын алған нақты жер анықталмаған, деректер уақтылы жиналмаған, келтірілген залалдың мөлшері анықталмаған, осылайша істі дұрыс шешуге қажет құжаттар жиналмаған және құқық бұзушылық фактісін растайтын дәлелдер жеткіліксіз», – делінген хабарламада.
Елімізде қарттар үйін паналайтын ер адамдардың саны көбеюде
Қазір Қазақстандағы 45 мемлекеттік қариялар үйінде 6 694 зейнеткер тұрады, олардың жартысынан көбі – ер адамдар. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың ресми сауалымызға берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қарттар үйін жағалаған қариялардың 40%-ы – әйелдер, 60%-ы – ер адамдар.
«Ер адамдардың өмір сүру ұзақтығының артуына, егде жастағы халықтың әлеуметтік-демографиялық сипатының өзгеруіне, сондай-ақ зейнет жасындағы ер адамдар арасында әлеуметтік оқшауланудың күшеюіне байланысты стационарлық мекемелерге әлеуметтік қызмет үшін жүгінетін ерлердің саны өскені байқалады. Кей жағдайларда бұл оларға лайықты күтім жасайтын жақын туыстарының болмауымен де байланысты», - делінген вице-министрдің жауабында.
Фото көзі: freepik.com