Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасы керуеттерді үш есе қымбат бағамен сатып алып отырған
Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасының лауазымды тұлғаларының бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды, деп хабарлайды Orda.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аурухананың бас есепшісі медициналық кереуеттердің сатып алу бағасын үш есеге көтеріп, мемлекет қаржысын жымқырған. Атап айтқанда, бір кереуіттің бағасы Т1,2 млн-ға бағаланған. Нәтижесінде Т259 млн-ға 220 медициналық кереует сатып алуға шарт жасалған.
Ақпаратқа сәйкес, шын мәнінде кереуеттің нақты сатып алу бағасы Т460 мыңнан аспаған.
Қазір бас есепші екі ай мерзімге қамауға алынды. Күдіктілердің Т111 млн тұратын мүлкіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болуы мүмкін монеталар аукционға қойылды
Мемлекетке қайтарылған активтерді басқаратын компания коллекциялық монеталар мен зергерлік бұйымдарды аукцион арқылы сатуға шығарды. Жалпы бастапқы құны – Т67 339 496, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сатылымға қойылған бағалы заттардың ішінде «Қазақтың ұлттық ойындары мен дәстүрлері» сериясынан шығарылған күміс монеталар бар. Атап айтқанда, «Бата», «Беташар» және төрт дана «Сүйіндір» монеталары ұсынылған. Сонымен қатар екі дана «Шыңғыс хан» және бір дана «Chinggis Khan әскерлері» атты 500 теңгелік монеталар да бар.
Ресми құжаттарда бұл бұйымдардың нақты иесі көрсетілмегенімен, олардың Қайрат Сатыбалдымен байланысы болуы мүмкін деген болжам бар.
Дубайдан «Дикий Арманның» сыбайласы Астанаға жеткізілді
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыстық топ басшысы Арман Жұмагелдиевтің сыбайласы Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланды, деп хабарлайды «Курсив».
«Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі Дубай қаласынан Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының сыбайласы экстрадициялады. Ол 2022 жылғы 5-7 қаңтар аралығында Алматы қаласында Жұмагелдиевтің бандалық құрамында жаппай тәртіпсіздіктерге белсене қатысқан деген күдікке ілінді», – делінген хабарламада.
Күдікті шамамен үш жыл бойы халықаралық іздеуде болған. Қазіргі уақытта ол Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.
«Ақтауда психотроптық заттарды заңсыз жарнамалағандар сотталды»
Ақтау қалалық сотының үкімімен бес адам, оның ішінде екі әйел, Қылмыстық Кодекстің 299-1-бабының 2-бөлігі бойынша психотроптық заттарды заңсыз жарнамалағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Nege.kz.
Ақпаратқа сәйкес, сотталғандар Ақтау қаласындағы ғимараттар мен тұрғын үйлеріне парақшалар жапсырып, сондай-ақ алдын ала дайындалған трафареттер арқылы аэрозоль бояуымен дайын мәтіндерді қалдырған. Олармен таратылған мәтіндерде психотроптық заттар сататын Telegram мессенджеріндегі мекенжайларына сілтемелер көрсетілген.
Жеке тінту кезінде екі адамнан мефедрон психотроптық заты тәркіленген, олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігі бойынша қосымша сараланған.
Сот үкімімен бес адамның әрқайсысы үш жыл алты айға бас бостандықтарынан айырылды.
Фото көзі: Ашық дереккөз