«Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында халықаралық жүргізуші куәліктері берілмейді. Алматы қаласы полиция департаменті Халықаралық жүргізуші куәлігін беруге құқығы жоқ жеке ұйымдарға, туристік агенттіктерге және басқа да құрылымдарға жүгінуге болмайтынын ескертті», – делінген жұма күнгі хабарламада.
Халықаралық жүргізуші куәлігі (ХЖК) – бұл жүргізушінің шетелде көлік құралын басқару құқығын растайтын құжат. Ол 1968 жылғы 8 қарашада қабылданған Жол қозғалысы туралы Вена конвенциясына қол қойған 180-нен астам елде жарамды.
Алматы қаласы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының бастығы Айдын Меркімбаевтың түсіндіруінше, Қазақстан Республикасының «Ішкі істер органдары туралы» заңының 6-бабына сәйкес, жүргізуші куәліктерін, оның ішінде халықаралық куәліктерді беру ішкі істер органдарының айрықша құзыретіне жатады.
Азаматтардың күмәнді интернет-сайттар немесе жекеменшік фирмалар арқылы халықаралық жүргізуші куәлігін рәсімдеуге берген өтініштері заңдық күшке ие емес.
Халықаралық жүргізуші куәлігі ұлттық жүргізуші куәлігін алмастырмайды, ол тек ресми аудармасы болып табылады. Мұндай құжат шетелде көлік жалдау, жеке көлікпен шекара асу, жол полициясына құжат көрсету немесе шетелдік сақтандыру рәсімдеу кезінде қажет болуы мүмкін.
Айта кету керек, ХЖК алу үшін емтихан тапсыру немесе оқу курсынан өту талап етілмейді.
Алматы қаласы полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және алаяқ делдалдардың арбауына түспеуге шақырады.
Фото көзі: pixabay.com