Балаева журналистерге қарсы көбейген шабуыл туралы пікір білдірді, Шерзат ісімен сотталғандардың бірі босатылуы мүмкін және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 11 маусым. ҚазТАГ – Балаева журналистерге қарсы көбейген шабуыл туралы пікір білдірді, Шерзат Полат ісімен сотталғандардың бірі босап шығуы мүмкін және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Алматыда ескірген дәрі-дәрмекті қабылдайтын орындар ашылды

Қазір қаладағы 36 емханаға арнайы контейнерлер қойылды. Препараттар отқа жағылады. Оларды жоюмен мамандандырылған мекеме айналысады. Бейнебақылау жасалып, тұрақты түрде есеп берілмек, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақпаратқа сәйкес, алдағы уақытта мерзімі өткен дәрі-дәрмекті қабылдау орындарының саны 41-ге дейін көбейеді. Уақыты өткен препараттарды тапсырғаны үшін ешқандай ақша төленбейді. Десе де, жоба авторлары болашақта қоғамдық ұйымдар мен жеке компанияларды тартып, адамдарды ынталандыруды жоспарлап отыр.

Бас прокуратура Талғат Арданға қатысты мәлімет берді

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев Түркияда ұсталған «Астана LRT» ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан елге қашан қайтарылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс кулуарында Шыңдалиев қазір Талғат Ардан Түркияда қамауда отырғанын мәлімдеді.

«Біздің елге нақты қашан экстрадицияланатынын айта алмаймын. Өйткені бұл түрік тарапының заңнамасымен реттеледі, олар өздері қарайды. Мысалы біздің заңнама бойынша біз шетелдік азаматты құжаттары келгенге дейін 40 тәулік қамауда ұстай аламыз. Құжаттары келіп түскен соң, экстрадициялық қамау мәселесін бір жылға дейін қарай аламыз», - дейді бас прокурордың орынбасары.

«Біздің жауларымыздың ісі»: Балаева журналистерге жасалған шабуылды айыптады

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистерге қарсы көбейген шабуыл туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда дәлізінде БАҚ өкілдері кейінгі кезде бірнеше журналист түрлі шабуылға тап болғанын еске салды. Бұл мәселеге орай Аида Балаева пікір білдіріп, мұндай әрекеттердің артында тек журналистерді ғана емес, тұтас мемлекетті қаралауды көздеген топтар тұрғанын айтты.

«Мен сіздермен толық келісемін. Бұл — тек тәуелсіз журналистерді қорқыту немесе беделін түсіру үшін емес, мемлекеттік органдарды, жалпы мемлекетті қаралау мақсатында жасалып отырған әрекет. Мұндайды біздің жауларымыздың ісі деуге болады», — деді министр.

Шерзат ісі: сотталушылардың бірі рақымшылықпен босап шығуы мүмкін

Шерзат Полатқа қатысты істе жаңа бұрылыс болуы мүмкін. Сотталған жасөспірім Думан Ысқақ рақымшылық аясында бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл туралы мәжіліс депутаты Абзал Құспан мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Шерзат Полаттың ісін бүкіл ел талқылады. Бұл жерде адам өлімі тіркелгендіктен, рақымшылық заңы негізінен қолданылмайды. Қандай баппен қаралса да, егер оқиғаның соңы адам өлімімен аяқталса, онда кешірім жүрмейді. Алайда Қылмыстық кодекстің 434-бабына — яғни ауыр қылмыс туралы хабарламау — сай жауапкершілікке тартылғандар бұл тәртіптен тыс қалуы мүмкін», — дейді депутат.

Еске салсақ, осы іс аясында кәмелетке толмаған Думан Ысқақ ауыр қылмыс жөнінде тиісті органдарға хабар бермегені үшін бір жыл алты айға бас бостандығынан айырылған.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage