Астана. 11 маусым. ҚазТАГ — Қазақстан Президенті мен Словакия Премьер-министрі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
Қазақстан Президенті мен Словакия Премьер-министрі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Словакияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады.
«Словакия Еуропа Одағына мүше мемлекеттердің ішінде айтарлықтай белсенді әрі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Бұл жетістік Сіздің Үкімет басшысы ретіндегі көреген көшбасшылығыңызды көрсетеді. Словакияның аймақтық және халықаралық істерге қатысты айқын ұстанымы Сіздің сындарлы жаһандық дамуға бейіл екеніңізді дәлелдейді. Мен саяси диалогтың беки түскенін, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуын, сондай-ақ көпжақты форматтағы ықпалдастықтың тиімді іске асырылуын жоғары бағалаймын», - деді президент.
Словакия премьер-министрі мемлекет басшысына өзіне және делегациясына қазақ жерінде көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты.
1944-1945 жылдары Словакияны азат етуге қосқан өлшеусіз үлестеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы қан майданда шайқасты. Олардың ішінде 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида етті. Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Жоғары Мәртебелі, Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет, – деді Роберт Фицо.
Келіссөз барысында тараптар қазақ-словак байланысын дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бастамаларды іске асыруға бейіл екенін растады.
Тоқаев Словакиямен саяси диалогтың беки түскенін жоғары бағалады
